31 Қаңтар, 2018

Мақсатсыз өмір – тұл

1963 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шынын айтсақ, кейде біздің кей­­бір ағайындарымыздың бір­қатар мәселелерге қатысты ойлау қабі­леттеріне, көзқарастарына таң­ғалуға тура келеді. Осы біздің өмір тура­лы түсінігіміз қаншалықты дұрыс, ой-пайымдарымыз уақыттың қа­зір­гі ағымымен қаншалықты үй­леседі деген күмәнді сауалдың ара-тұра болса да туындап жататыны да сірә, сондықтан болса керек.

Мақсатсыз өмір – тұл

Әрине, ағайын­дарымыздың бәрі бірдей теріс ойлайды, ұстанымдары ұшқары деген сыңаржақ көзқарастан аулақпыз. Дегенмен «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген қағидаға сүйен­сек, қате ой қорытып, болжау­сыз байлам жасаудың жас ұрпаққа пай­далы бағыт-бағдар, тиімді тәрбие бере алмайтынын да жоққа шығара алма­сақ керек.

Таяуда бір телехабарда қазіргі за­манғы жас қыздар туралы, олардың үлкен өмірге даярлықтары туралы әңгіме қозғалды. Сонда бір қыз алдына үлкен мақсат қойып, оқып, білімді азамат болуды бірінші кезекке шығарғанын, сөйтіп жүріп тұрмыс құру туралы ойла­мағанын баяндады. Жалпы ол телехабарда қыз бала тұрмысқа қай жасында шығуы қажет деген тақырып күн тәр­тібіне қойылған болатын. Жаңағы бойжеткен болса, жасы отызға келгеніне қара­мастан әлі күнге тұрмыс құрмапты. Ке­шігіңкіреп қалғанына өзінің аздаған өкінішін де білдірді.

Бұл жерде ол қыздың осылай жаса­ғаны, яғни отызға келгенше күйеуге шық­пағаны дұрыс па немесе бұрыс па деген мәселені талқыға салып, оған баға бергелі отырған біз жоқ. Бі­ріншіден, ол әркімнің жеке басының ша­руасы. Екіншіден, егер кеш те болса тұрмыс құрып, бақытты отбасында өмір сүру пешенесіне жазылған болса, ондай қыздардың бақыты әлі алда. ХХІ ғасырда отызға келу өмірдің бүкіл қызығынан бос қалу дегенді білдірмейді. Керісінше, ол адамның саналы өмірі енді ғана басталып жатыр. Мамандардың айтуынша, бүгінде жастық шаққа бөлінген мерзім бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ұзарған көрінеді. Ертеректе 40-тан асқан кісі жас емес болып есептелсе, қазіргі заманда 60-тағыңыздың өзі шал болып саналмайды екен.

Сонымен біз не айтпақшымыз? Енді соған келейік. Осы телехабарға қатысып отыр­­ған бір кісі үшін әлгі қыздың өз ал­дына мақсат қойып, қатарынан қал­май білікті мамандық иесі болуға деген ұмтылысы, яғни күйеуге шығуға асық­пай, ең алдымен өз келешегіне алаңдауы  ағаттық болып көрінді. Жаңағы оқу-білімге біраз уақытын кетіріп алған қызды ұнатпағаны сондай, ол кісі өзінің болашақ келінінің бүкіл өмірін алдын ала жоспарлап қойған, өзінің айтуынша, «қатып қалған адам» болғанын қала­майтынын да айтып тастады. Біз ойланып қалдық...

Сонда Алланың берген азды-көпті ғұмырында өзінің не істейтінін білмейтін, өз тіршілігін қалайша мағыналы, мәнді қылу керек екеніне алаңдамаған, алдына ешқандай мақсат қоймаған, басына түскен жағдай қалай қарай ықтырса, жел қуған қаңбақтай солай қарай  «домалай» беретін адамның жақсы адам болғаны ма? Олай болса өмір үшін күрес, ізденіс, талпыныс дегендер қайда қалады? Ол аз десеңіз, бүгінде тосыннан жүкті болып қалып, некесіз туған шараналарын қоқыс жәшігіне лақтырып тастап кететіндер, бір күйеуге тиіп бір-екі бала туған соң айырылысып, екінші күйеуге шығып, одан бір бала туған соң тағы айырылысып, ақыр соңында үш баламен не күйеу жоқ, не жұмыс жоқ, не үй жоқ көшеде қаңғырып қалған жас келіншектер туралы бұқаралық ақпарат құралдарына айтылып та, жазылып та жүр.

Өз өмірлерін жоспарламағандар, болашағына алаңдамағандар, міне, дәл осылар. Бәлкім, қыздардың дер кезінде тұрмыс құра алмауы, олар есейіп кеткен кезде белгілі бір проблемалар туындататын шығар, оның есесіне  алдына мақсат қоюдың арқасында ол ешкімге жалынышты болмай, әлдебіреулерге телміріп көзін сатпай, өз күндерін өздері көре алады. Тіпті ондай қыздардың тіршілігінің материалдық тұрғыдан алғанда ерте отау құрғандардан артық болуы да мүмкін. Ал еш мақсатсыз өмір сүріп, соның салдарынан ойланбастан күйеуге шығып, кейін объективті, субъективті себептермен күйеуімен ажырасып, ақыр соңында не жұмыс жоқ, жұмыс істейін десе лайықты мамандығы, жеткілікті білімі  жоқ, шырылдаған сәбилеріне ішерге ас тауып бере алмай дағдарып отырып қалған әйелдің күні не болмақ? 

Керек десеңіз, мақсат дегеніміздің өзі адамның арманы. Ертең есейгенде еліме – елеулі, халқыма қалаулы азамат атанып, абыройлы болсам екен деген ізгі тілегі. Келер күннен жақсылықтар күтпей, бақытқа қол жеткізу жолын алдын ала жоспарламай, арман-мақсатсыз қалай өмір сүруге болады? Халқымыз «Армансыз адам алысқа бармас», «Ақылы жоқтың арманы жоқ» деген сөздерді тегіннен-тегін айтпаған. Ал біз болсақ, алдына жоспар құрып, жүрер бағытын бағдарлап алған адамның керегі жоқ дейміз...

Осындайларды естіп-білген кезде Құдайым мақсатсыз сүрген өмірден сақтасын, алда асқақ армандарымыз тау­сылмасын деп тілек тілеуден өзге амал да қалмайды екен. 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»